Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Аса көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, академигі Қаныш Сәтбаевтың айтуынша “...1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ”- деп толғаған.
Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Мұғалім – жалпы білім беретін мектептерде жас ұрпақты оқытып, әрі оларды тәрбиелеу қызметін атқаратын маман.
Мұғалім – мектептің айнасы, бәйтерегі. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші, мұғалім жақсы білімді болса, білген білімін алдында отырған шәкірттеріне үйрете білсе, ол мектептен бала көбірек білім алып шығады.
Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, білім алатын орда – мектеп. Мектепте білім алып жүрген ұрпақ саналы болса, адам баласының жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса береді. Білім күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Бұдан біз білімнің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіземіз.
Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде.
Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Бастау № 2 орта мектебінде жоғары білімді өз мамандықтарының иелері еңбек етуде. Мектеп ұстаздарының еңбектері еленіп, еліміздің әрбір қаласында түлектеріміз жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдай түсуде. Болашақта Қазақстанға еңбектерін сіңіріп, түрлі маман иелері болатынына сеніміміз мол. Қазіргі уақытта да біздің мектепті бітірген түлектеріміз әкімшілікте, мұғалім, мал дәрігері, медицина қызметкері болып қызмет атқарып жүр. Әрине, бұл маман иелері біздің мектептің мақтаныштары. Бастау № 2 орта мектебінің оқушылары ресрубликалық, облыстық, аудандық әртүрлі олимпиада, ғылыми конфернецияларға жиі қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Адамның адам болып қалыптасуына мұғаліммен қатар ата-аналардың да рөлі зор. Біздің мектептің ата-аналар қауымы үнемі мектепке қол ұшын беріп, көмектерін көрсетеді. Балаларын Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» демалыс орнына жиі жіберіп отырады. Бұл да болса, ата-аналардың мектепке деген көңілдерінің жақсы екендігін білдіреді. Болашақта мектебіміздің атағын, дәрежесін биікке көтеретін озат оқушылар, жастар көп болатынына нық сенемін.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Кенжебаева З.К.