Халқымыз «Еңбек- ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Қазіргі таңда еңбекқор адам ең сыйлы, құрметті адам болу керек. «Адамды сөздері үшін емес, істері үшін бағала»- деген ұлы сөз мектебіміздің еңбекқор жаны- Рашид Марияш апайымызға қаратылып айтылғаны сөзсіз!
Марияш апай мектебіміздің іргетасы қаланғаннан осы білім ордасының суығына тоңып, ыстығына күйіп келе жатқан ерен еңбекқор адам. Еңбекқор адам қандай адам?- деген сауал бәріміздің көкейімізге оралады. Құмырысқадай күні-түні еңбекке жанын арнаған ,шаршау дегенді білмейтін, өз жұмысын жақсы көріп, жауапкершілікпен атқаратын адамды айта аламыз.
Осындай еңбекқор адамның бірі- Марияш апай.
Марияш апай-жарық, әрі тап- таза мектебіміздің тазалаушы қызметкері. Өз жұмысын ыждағаттылық пен тиянақты атқарады.
Мария апай өте мейірімді, ақкөңіл адам. Мектебіміздің іші-сырты айнадай кіршіксіз таза болса, ол кісінің ішкі жан дүниесі де кіршіксіз мөлдір судай тап-таза! Ұстаздарға, оқушыларға айналасындағы адамдарға күндей жылы шуағы мен жақсылыққа толы мейірімін шашып жүреді. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген аяулы, қамқоршы ана! Балалары да мектебімізде білім алған өнегелі, тәрбиелі бір-бір маман иелері.
Еңбек етсең еленерсің,
Еңбегіңе кенелерсің.- дегендей
ұқыптылықпен жасаған еңбегімен жұмысында да, отбасында да сыйлы, құрмет иесіне лайықты жан. Марияш апайға зор денсаулық, отбасына амандық,қажылмас қайраттылық, жұмысынынан табыс, баянды ғұмырлы өмір , еңбегінің зейнетін көруіне мектеп ұжымының атынан алғысымыз бен тілектестігімізді білдіреміз!
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Хамбар С.