«Қазіргі заманда жастарға жаңа технология негізінде әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының педагогтарына арналған 3 деңгейлік біліктілікті арттыру курстары жүргізіліп жатқаны баршамызға мәлім. Соның негізінде әр аудан мектептерінен ұстаздар жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді үйреніп, қажетті сертификаттарын алып, өз мектептерінде тәжірибелерін шыңдауда. Біздің аудан мен мектеп те бұл жаңалықтардан қалыс емес. 2019 жылдың 22 –ақпан күні Бастау ауылы № 2 орта мектебінде аудандық деңгейлік курс жетекшісі Токушева Зауре Амангельдиновнаның басшылығымен үш деңгейлік курстан өткен мұғалімдерге арналған «Жаңартылған білім беру бағдарламасы – ізденіс және тәжірибе » атты тақырыпта аудандық семинар өтті. Семинардың мақсаты: деңгейлік курсты аяқтаған мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету. Әрине, осы бағдарлама бойынша аудандаық семинар болғандықтан, мектеп директорының міндетін атқарушы Тойшубекова Б.А. және ұстаздар ұжымы іс-шараның сапалы өтуі үшін үлкен жауапкершілікпен қарады. Мектеп әкімшілігі семинардың өткізілуі жөнінде бағдарламаға сай әріптестерімізді қарсы алып, мектеп және мектеп мұражайы туралы ақпараттар берді. Одан соң семинарға қатысушылар мектеп мұғалімдерінің жаңа технология негізінде көрсетілмек қазақ тілі 11 сыныпта «Тіл көрнектілігі. Троп түрлері» Хамбар С., 3- сынып математика «Үш таңбалы санды бір таңбалы санға бөлу» Тойшубекова Б.А., 6-сынып тарих пәнінен «Қазақ хандығының құрылуы» Хурамхаз Ж., 8 сыныпта «Тік төртбұрыштар мен үшбұрыштардың аудандары» Искакова Г.Т., 7- сынып «Моғолстан» Бекей А., 5 сынып «Ойын арқылы қиындықты шешу жолдарын оқыту» Тойшубеков Б., ашық сабақтары өткізіліп, Харахыз Б, Кенжебаева З.Қ.ұстаздармен «Критериалды бағалау- білім сапасының негізі » атты тақырыпта коучинг ұйымдастырылды. Аудандық деңгейлік курс жетекшісі Токушева Зауре Амангельдиновна мұғалімдерге шығармашылық табыстар тілей отыра қатысқан сабақтары туралы әріптестердің пікірлерін ортаға салды. Әр сабақтың жалпы мазмұнына тоқтала отыра, жақсы жақтары мен әлі де болса көңіл бөлетін тұстарын айтып өтті. Модульдер негізінде мұғалімдерді топтастыру арқылы сұрақтар қойылып, топтық жұмыстар жасалып, қатысқан сабақтарды талқылап, талдау жүргізілді. Сабақтар бойынша Берден Қ, Қазымбек И, Құрмет Н, Қаз О, және басқа да әріптестер өз ойларымен бөлісіп, оқушылар жұптық, топтық, жеке жұмыстарға бейімделгенін, берілген тапсырмаларды орындау кезінде ашық, ұялмай сөйлейтінін атап, барлық сабақтарда жеті модуль толық қамтылғанын айтып, әр мұғалім ұнаған сабақтарға тоқталып өтті. Өздерінің ұсыныстары мен тілектерін білдірді. Токушева З.А. мен семинарға қатысушылар осы іс-шара ұнағаны туралы жазып, біздің мектеп ұжымына үлкен алғыстарын білдірді. Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады. (К.Д.Ушинский). Сондықтан да өз еңбегіміздің сапалы да нәтижелі жемісін көрейік десек, әрқашан да білімімізді шыңдап, ізденіс үстінде болайық, ұстаздар қауымы!
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кенжебаева З.Қ.