2024 жылғы 15 тамыз күні Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы «Bolashaq saraiy»-нда 500-дей ұстазды жинаған «Digital Кazakhstan: жаңа замандағы білім беру» облыстық тамыз кеңесі өтті.
Мақсаты: облыстың білім беру жүйесінің жағдайын бағалау, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы даму бағыттарын анықтау.
ҚР Президенті Қ. Тоқаев Қазақстан халқына 2021 жылдың 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында цифрландыру – мемлекет дамуының басым бағыттарының бірі болып табылатынын ерекше атады.
Білім берудегі цифрлық трансформация білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, соның ішінде оқу жоспарлары мен оқыту әдістерін жаңа технологиялық шындыққа бейімдеу үшін цифрлық технологияларды интеграциялау қажеттілік ретінде Ұлттық баяндамада талқыланады.
«Мемлекет басшысы педагогтың қоғамдағы маңызды рөлін әрдайым атап өтеді, ал оқыту мен тәрбиелеуде ол аса маңызды және айқындаушы болып табылады. Сіздердің жоғары кәсіби қызметіңіздің, белсенді азаматтық ұстанымыңыздың арқасында біз білім беру саласының жүйелі жұмысын, қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ете алдық», - атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова.
Пленарлық отырысқа ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ақмола облысының педагогикалық қауымдастығының өкілдері, Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі Өмер Инан, «Global Sapa» халықаралық академиясының негізін қалаушы Тілектес Шингужинова, Webster университетінің ректоры, арнайы (инклюзивті) білім беру кафедрасының доценті Стефани Махфуд (АҚШ) қатысты.
«Тамыз кеңесінің басты міндеті цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану арқылы білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай тәсілдерін қабылдау болып табылатыны кездейсоқ емес. Ең бастысы – заманауи білім беру саласындағы өзгерістерге тез бейімделу» - деді облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Айнагүл Балташева.
Айта кетейік, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдануға арналған тамыз конференциясына аудандар мен қалалардың педагогикалық қоғамдастығының делегациялары, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары, ҮЕҰ, БАҚ және ата-аналар қоғамдастығының өкілдері, білім беру саласының ардагерлері қатысты. Қатысушыларға арналған 22 секцияның жұмысы ұйымдастырылды.
Тамыз кеңесі аясында «Bolashaq Saraiy»-ның 1-қабатының 117 кабинеті мне 2 қабаттың фойесінде цифрлық және шығармашылық көрме жұмысы өтеді. Көрмеде өңірдің білім беру жүйесіндегі цифрлық технологиялардың әзірлемелері мен жетістіктері ұсынылды.